Өңірлік ынтымақтастық пен жаһандық логистика, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы жаңа стратегиялық бағыттарды айқындауға арналған жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай президенті Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты.
"Берік байланыс"
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің ашылуында сөйлеген сөзінде Орталық Азияның Қытаймен байланысы уақыт сынынан өткен, тұрақты және жан-жақты серіктестікке айналғанын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, 80 миллионға жуық халқы бар, табиғи ресурстарға бай Орталық Азия аймағы өзара сенім мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың үлгісі қалыптастырып отыр.
– Осынау оң үдерісте Қытаймен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді Тоқаев.
Ол аймақтың былтырғы сауда көлеміне тоқталып, Орталық Азия мен Қытай арасындағы сыртқы сауда айналымы 95 миллиард долларға жеткенін, оның 44 миллиарды Қазақстанға тиесілі екенін айтты. Қытайдың Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестиция көлемі бүгінде 26 миллиард доллардан асқан. Елде Қытай капиталы бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр деді президент.
Азия мен Еуропа арасындағы дәнекер аймақ
Қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында сенімді әрі қауіпсіз логистикалық бағыттар құрудың маңызын айтқан Тоқаев Орталық Азияның Еуропа мен Азияны жалғайтын ірі хабқа айналып келе жатқанына ерекше тоқталды.
– Қытайдан Орталық Азия арқылы тасымалданатын жүк көлемі былтыр 12 пайызға артып, 211 мың контейнерге жетті. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз бұл әлеуетті одан әрі дамытуға ниеттіміз", – деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Пекиннің "Бір белдеу, бір жол" бастамасын "Батыс Қытай – Батыс Еуропа", Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және "Солтүстік – Оңтүстік" бағытымен үйлестіруге ұмтылып отыр деген Тоқаев Қытайды Құрық портында бірлескен жүк терминалын салуға шақырды.
Қазақстан президенті аймақтың орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі – энергетика саласындағы ықпалдастық деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Орталық Азияда уран, мұнай, газ және сирек металдардың мол қоры шоғырланған.
– Бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз, – деді Қазақстан президенті.
Қауіпсіздік пен мәдени ықпалдастық мекені
Астанадағы "Орталық Азия – Қытай" екінші саммитінде трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету және тұрақты бейбітшілік орнату мәселелері де сөз болды.
Тоқаев Қытай басшысының "Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын" құру бастамасына қолдау танытты. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды. Қазақстан діни экстремизм, терроризм, сепаратизм, есірткі мен заңсыз қару айналымы, адам саудасы және рұқсатсыз көші-қонмен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір деді ол.
Саммитте Қытай басшысы Си Цзиньпин, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев сөз сөйледі.
Алқалы жиынға қатысушы мемлекеттер басшылары Астана декларациясына және Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәңгі тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Құжаттар өзара сенім, құрмет және ортақ жауапкершілік негізіндегі стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған.
Туған күнмен тұспа-тұс келген сапар
Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанаға саммит қарсаңында, 16 маусымда ұшып келген. Қазақстан билігі оны ерекше құрмет көрсетіп қарсы алды. Қытай президенті мінген ұшақты Қазақстан шекарасынан Астанаға дейін Қазақстан әуе қорғаныс күштері ұшақтары алып жүрді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мәртебелі қонақты Астана әуежайында президент Тоқаев қарсы алды, құрметті қарауыл сап түзеп өтіп, Қазақстан мен Қытай туларын бейнелейтін жалауша ұстаған балалар қошемет көрсеткен.
Сол күні екеуі Ақордада тағы кездесіп, саяси, экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Тоқаев қытайлық әріптесін Қазақстанға сапары уақытына тұспа-тұс келген туған күнімен (Си Цзиньпин 15 маусымда 72 жасқа толды - ред.) құттықтап, Си Цзиньпинге зор денсаулық пен табыс тіледі деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
– Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз, – деген Қазақстан басшысы.
Тоқаев Қытайды Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі деп атап, 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 44 миллиард долларға, яғни рекордтық көрсеткішке жеткенін атап айтқан.
– Қытай – Қазақстанның тату көршісі, сенімді серіктесі. Біздің арада ешқашан қақтығыс болмаған. Тек өзара түсіністік пен достық рухы басым болды, – деді Тоқаев.
Си Цзиньпин де Қазақстанның ұлттық жаңғыру жолындағы табыстарын жоғары бағалап, екі ел ынтымақтастығының геосаяси тұрақсыздық жағдайында да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз, – деді Тоқаев Қытай басшысына.
АЭC-тен ауыл шаруашылығына дейін: 24 келісім
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Қытай 24 маңызды құжатқа қол қойды деп хабарлады Ақорда. Олар энергетика, ауыл шаруашылығы, аэроғарыш, цифрлық технологиялар, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа және кеден салаларын қамтиды. Бұл құжаттардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімдер де бар.
Мысалы, саммитпен қатар Астанада өткен "Орталық Азия – Қытай" форумында қол қойылған жалпы құны 24 млрд доллардан асатын 58 келісімнің бірі – China Development Bank (Қытай даму банкі) пен Қазақстанның даму банкі арасында қол қойылған 1 миллиард долларлық несие келісімі. Қытай юані және АҚШ долларында ұсынылатын бұл несие Қазақстан-Қытай бірлескен жобаларын қаржыландыруға бағытталмақ.
Қаржыландыру аясында бірнеше нақты жоба жоспарланған. Олардың қатарында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашу, Павлодар облысында сұйық май шығаратын кәсіпорын салу және Түркістан облысында мақта кластерін қалыптастыру бар. Бұл жобалар екі ел арасындағы өңіраралық өндірістік байланыстарды нығаютуға бағытталмақ.
Қытайлық CNNC – болашақ АЭС-тің серіктесі болуы ықтимал
Президент Тоқаев Қазақстанда кемінде екі-үш атом электр станциясын салу жоспарланғанын, елде атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылып, АЭС құрылысын салуға ірі компанияларды тарту жұмысы жүргізіліп жатқанын, осы ретте Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясы стратегиялық серіктес ретінде қарастырылып отырғанын айтқан.
– CNNC – әлемге әйгілі компания, біздің нарықта өз орнын табатыны анық, – деді Тоқаев.
Бұған қоса ол Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел екенін айтты.
Си Цзиньпин Астанаға келерден екі күн бұрын Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі елде алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ресейлік "Росатом" компаниясы танылды деп мәлімдеді. Онымен бірге бәсекеге қытайлық CNNC, француздың Électricité de France және кореялық Korea Hydro & Nuclear Power компаниялары қатысып, өз ұсыныстарын берген болатын.
17 маусымда "Орталық Азия – Қытай" форумы кезінде журналистердің қойған сұрағына берген жауабында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр елде екінші АЭС-тің құрылысына қатысты шешім осы күзде қабылдануы мүмкін деп айтқан.
Қазақстанда АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тұрғыда кіріптар болып қалады деп алаңдайтындар бар. Кей сарапшылар Украинаға басқыншылық соғыс ашуына байланысты санкцияларға ілініп, оқшауланған Ресейдің ядролық энергия саласын қолдау жүгі әдеттегідей Кремльмен тығыз байланысты Орталық Азия елдерінің иығына түсіп отыр деп санайды. Ресей Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанға да атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Тоқаевтың Қытайға тартуы: 1,5 мың киік
Астанадағы "Орталық Азия – Қытай" саммиті кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдағаны туралы ақпарат тарады. Қытай батыс өңірлерінде киік санын қайта қалпына келтіруге мүдделі, ал Қазақстан көршісіне киік беріп көмектеспек деген әңгіме айтылды.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстан билігінің бұл шешіміне ризашылығын білдіріп, Қытай киікті жерсіндіру жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Қытайдың батыс өңірінде киік саны күрт кеміп, біржола жойылып кететін жағдайға жеткен. Осыған байланысты бұл түз жануарын табиғи ортаға қайта оралту Қытайдың стратегиялық экологиялық мақсаттарының бірі саналады.
Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қытайға 1,5 мың киік берілетінін растады. Комитеттің дерегінше, Қазақстандағы киік басы биыл көктемде 3,9 миллионға жетіп, 1974 жылғы тарихи максимумнан (1,2 млн) үш есе асқан.
ПІКІРЛЕР