Accessibility links

Талибан 40 жасқа толмаған әйелдерге Өзбекстандағы базарға баруға тыйым салды


Ауғанстанды билеп отырған "Талибан" радикалды қозғалысы 40 жасқа толмаған әйелдерге Өзбекстанның Сұрхандария облысы аумағында, Ауғанстанмен шекара маңында орналасқан Термез қаласындағы халықаралық базарға баруға тыйым салған деп жазды тәуелсіз басылым. Жергілікті кәсіпкерлер бұл тыйым саудаға кері әсер еткенін айтып шағынған.

"Саудамыз нашарлап кетті"

Ауғанстаннан шыққан тәуелсіз журналистер негізін салған Amu.tv арнасының хабарлауынша, "Талибанның" исламдық әдеп сақшылары енгізген тыйым жайында жергілікті кәсіпкерлер айтқан.

Осыдан кейін Термездегі халықаралық базарға сауда жасауға келетіндер саны күрт азайып, жаңа шектеу трансшекаралық экономикалық қызметке кері әсерін тигізді деп жазды басылым.

"Бұрын біздің негізгі сатып алушыларымыз отбасылар болатын, олардың арасында әйелдер де көп еді. Қазір жас әйелдерге көшеге шығуға тыйым салынғалы бері саудамыз күрт түсіп кетті", - деп шағынған ауған саудагері.

Бұған дейін іссапармен немесе сауда жасау үшін Термезге барып жүрген отбасылар енді ондай сапарға шығудан жүрексінетінін айтады.

"Талибан" басшылығы бұл шектеуге байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.

"Талибан" енгізген шектеулер

Өзбекстанның Ауғанстанмен шекара маңындағы "Термез" халықаралық сауда орталығы 2022 жылдың желтоқсан айында ашылған. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жарлығымен бұл орталыққа еркін экономикалық аймақ мәртебесі берілген.

"Термез" халықаралық сауда орталығын ашу рәсіміне қатысып тұрған Өзбекстан үкіметі мен Ауғанстандағы Талибан өкілдері. 29 тамыз, 2024 жыл.
"Термез" халықаралық сауда орталығын ашу рәсіміне қатысып тұрған Өзбекстан үкіметі мен Ауғанстандағы Талибан өкілдері. 29 тамыз, 2024 жыл.

Орталықта төрт мыңнан астам дүкен, медицина орталығы, мейрамхана, өндіріс және логистика аймақтары бар. Ауғанстан азаматтары бұл орталыққа визасыз режим бойынша еркін бара алады, оларға ешбір арнайы құжатсыз 15 күнге дейін болуға рұқсат берілген.

Былтыр ауғанстандық Atlaspress жеке меншік басылымы "Талибан" басшылығы Өзбекстан билігіне Термездегі сауда орталығында музыка ойнатпауды, өйтпесе "Талибан" ауған азаматтарына ол базарға баруға тыйым салатынын ескертіп, талабын жеткізген деп хабарлаған.

Осыдан кейін Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның уақытша үкіметі өкілдерінен Термез қаласындағы шекара маңындағы халықаралық сауда орталығында музыкамен өтетін концерттер мен өзге де мәдени іс-шараларды тоқтату жөнінде ешқандай ресми өтініш немесе сұраныс алмағанын мәлімдеді деп жазды gazeta.uz басылымы.

"Талибан" қозғалысы 2021 жылдың тамызында Ауғанстанда билікке келгеннен кейін әйел құқықтарын құрметтейміз деп уәде берген еді. Бірақ көп ұзамай бірқатар шектеулер енгізе бастады. Мәселен, музыканы заңға қайшы деп жариялап, әйелдердің саябақтарда және сауық орталықтарында жүруіне тыйым салды. Әйелдер сондай-ақ белгілі бір үлгідегі киім киіп, бұқаралық орындарда үн шығармауға тиіс.

"Талибан" 20 жыл бойы жұмыс істеген Әйелдер істері жөніндегі министрлікті жойып, қыздардың мектепте білім алуына шектеу қойды, әйелдерге университетте оқуға, үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуге және спортпен айналысуға тыйым салды. Тележүргізуші әйелдерге хиджаб киюді міндеттеді.

2024 жылы Ауғанстанда әйелдерге жұмыс істеуге, туыс ер адамсыз көшеге шығуға және қоғамдық орындарда сөйлеуге тыйым салынды.

"Талибан" ауған халқы ежелден бері тойлайтын көктем мерекесі Наурызды мейрам күндер қатарынан шығарған. "Талибан" 1990 жылдардың ортасында Ауғанстанда билікке алғаш келген кезде де Наурызды пұтқа табынушылар мейрамы деп, оған тыйым салған еді.

БҰҰ әйелдер құқығы бұзылып жатқан Ауғанстандағы жағдайды "гендерлік апартеидке" теңеген әрі адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйел құқығы ахуалын айтарлықтай дағдарысқа ұшыратты деп мәлімдеген.

Кейінгі жылдары Ресей мен Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер Ауғанстанды билеп отырған "Талибан" қозғалысымен сауда-экономикалық байланысын дамытуға тырысып келеді.

Қазақстанда "Талибан" қозғалысы сот шешімімен "террористік ұйым" деп танылып, ұзақ уақыт бойы тыйым салынған ұйымдар тізімінде болған еді. Былтыр маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG