Accessibility links

 Хаменеи мен Трамп бір-біріне сес көрсетті. Иран халқы қауіпсіз жер іздеп бас сауғалап жатыр


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хаменеи
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хаменеи

Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хаменеи Израильдің шабуылы басталғалы алғаш рет телеарнаға шығып, мәлімдеме жасады. Ал Иран жұрты ракета шабуылынан қорқып, қауіпсіз жер іздеп бас сауғалап жатыр.

Али Хаменеи телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде "Иран халқы ешқашан берілмейді. Иранды, оның халқын, тарихын білетін ақылды адамдар бұл елге қоқан-лоқы көрсетпейді. Себебі ирандықтар беріле салатындардан емес" деді.

Бұған қоса, Хаменеи "Израиль жазаланатынын" әрі АҚШ бұл қақтығысқа "әскери тұрғыда араласса, Иран жауап қататынын" айтты.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Иран режимін "толық берілуге шақырған" еді.

Израильдің Иранға шабуылының бәсеңдейтін түрі жоқ. Ал мыңдаған адам Иран астанасы Тегераннан жаппай қашып жатыр. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі. Жұрттың көбі елдің солтүстігі қауіпсіз деп кетіп жатыр. Бірақ кейбір адам Иранда қауіпсіз жер қалмады деп отыр. Қазір Иран мен Армения шекарасының маңындағы өту бекетінде адам қарасы көбейген.

Мәселен, Арменияның Иранмен шекара маңындағы Агарак қалашының тұрғындары кейінгі кезде шекара бекеті маңында ирандықтар көп жинала бастағанын айтады.

Шекара арқылы Арменияға өтіп бара жатқан ирандықтар.
Шекара арқылы Арменияға өтіп бара жатқан ирандықтар.

"Иранда қауіпсіз дейтін жер жоқ. Себебі барлық жерде әскерилер мен Иранның ислам революциясы сақшылары корпусының нысандары бар" дейді Амир Никки Азаттықтың Армян қызметіне.

Никки Британияда тұрады, бірақ оның отбасы Иранның Исфахан қаласында. Исфаханда Иранның ядролық нысандары бар.

Израиль мен оның батыстағы одақтастары Иранды ядролық қару жасап жатыр деп айыптайды. Тегеран бұл айыпты жоққа шығарып, ядролық бағдарламамыз тек азаматтық мақсатта дейді.

Қалай болса да Никкидің жақындары қазір қатты алаңдап отыр.

Тегерандағы көлк кептелісі. 16 маусым 2025 жыл.
Тегерандағы көлк кептелісі. 16 маусым 2025 жыл.

"Жақындарыма не ас, не су батпайды. Қатты қорқып қалған. Ұйықтай алмайды" дейді ол.

Армения шекарасынан өтіп жатқандардың арасында ирандықтардан бөлек басқа елдің де азаматтары бар.

Бұған қоса, Иранда жүрген шетелдіктер Әзербайжан мен Түркіменстан арқылы да Ираннан кетіп жатыр. Әзербайжан басылымдар 15 маусымдағы ақпаратына қарағанда, Иранның солтүстік-батысындағы "Астана" өткізу бекетінен 17 елдің 600 азаматы өткізілген. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, АҚШ, БАӘ, Қытай, Вьетнам, Ресей жен Беларусь азаматтары бар.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігі 16 маусымда Ираннан жүздеген адам өткенін, олардың көбі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния азаматтары екенін айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ираннан Әзербайжанға Қазақстанның 6 азаматы, Түркіменстанға 68 азаматы өткенін мәлімдеді.

Израиль 13 маусымнан бастап Иранға әуеден соққы жасай бастағалы Иран да жауап қатып, әскери нысандар мен тұрғын үйлер қирады. Екі тараптан да бейбіт тұрғындар қаза тапты. Израильдің әскери басымдығын ескерсек, Ирандағы жағдай қазір қиын.

"Жолға шыққанда да жарылыс болып жатты". Иранға барған қазақ не көрді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG