ЖАҢАЛЫҚТАР
Абаев "Айсұлтан жазбаларын әлдебіреулердің ықпалымен жазып отыр" деп санайды

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 13 ақпанда Хабар арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаевтың желідегі жазбасына қатысты пікір айтты. Абаев - Айсұлтанның желідегі жазбаларына реакция білдірген алғашқы билік өкілі.
Абаев сөзінде «есірткіге тәуелді адамның жазғаны емес, денсаулығы алаңдататынын» айтты. Министр «Айсұлтан мұндай жазбаларды әлдебір адамдардың манипуляциясының ықпалымен жазып отыр» деп есептейді. Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі «Айсұлтанның аты мен денсаулығын пайдаланып отырғандар бар» деп санайды.
Министр Айсұлтанның жазбасын пайдаланып отырғандардың кім екенін нақты атамады.
«Бұл тақырыпты жабатын уақыт келді. Бірінші президенттің жиені болғаны үшін ғана тәуелді адамның қиялынан спекуляция жасау - әділетсіз, моральға сыймайды» дейді ол.
Абаев «бұл оқиғалар Нұрсұлтан Назарбаевты дискредитациялау амалы, лас ойын» деп санайды.
«Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компаниялардың, жеке адамдардың, тіпті бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ мұның артында жымысқы ой, пайда көру ниеті тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін. Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Бұл – бірінші кезекте оның анасының трагедиясы. Ана үшін баласынан асқан қандай қымбат нәрсе болуы мүмкін? Кейбіреулер осы оқиғаға елбасын (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты айтады - ред.) да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады. Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз? Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, жоқ боп кеткен, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру кімнің қолынан келеді?» деді Абаев эфирде.
Айсұлтан Назарбаев Facebook желісінде пост жариялап, Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Ол отбасының тарапынан қысым болғанын, Ресейдегі түрмеде отырып шыққанын, осы қиындықтардан құтылу үшін есірткі шеккенін жазды. Айсұлтан жазбасында «қазір төлқұжатын шешесінің көлік жүргізушісі тартып алғанын, полиция құжатын қайтаруға көмектесер деп үміттенетінін» жеткізді. Ол постында атасы Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) пен шешесі Дариға Назарбаеваны жемқорлыққа айыптаған.
Бұл жазбаны Айсұлтан Назарбаевтың нақты өзі жазғанын тексеру мүмкін болмады. Азаттық тілшісі оған бірнеше рет хабарласқанымен, жауап болмады. Бірақ осыған дейін қазақстандық ақпарат құралдары пост жарияланған Aisultan Rakhat деген Facebook парақшасына хабарласып, Айсұлтан Назарбаевпен видео арқылы сөйлескенін айтқан.
Айсұлтан постында 2015 жылы Ұлыбританияда атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін жазды. Ол «Нұрсұлтан Назарбаевты шешем маған қарсы» деді. Жазбада Айсұлтан Нұрсұлтан «Нұрсұлтан Назарбаев және оның отбасы басқалардың бизнесін тартып алып жатыр» деп айыптады.
Айсұлтан Назарбаев «шешесі жемқорлық туралы жаздырмас үшін өзіне қарсы компромат іздеп, қысым жасағанын» жазды.
«Шешем мені іздеп жүрді. Іштегі дертімді есірткімен тұншықтырып жүргенде Лондонда тауып алды. Олар күзет жіберіп, Қазақстанға әкетіп, кейін Ресейге қамамақ болды» деп жазылған поста.
Айсұлтанның сөзінше, ол шешесінен қашып жүріп, Лондондағы біреудің пәтеріне рұқсатсыз кірген. Ол британ полициясы өзін Лондондағы пәтерде ұстап, Уондсуэрт (Wandsworth) түрмесіне апарып жапқанын, қамауда отырғанда Дариға Назарбаева мен жүргізушісі бірнеше рет келгенін жазды.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы, Сенат спикері Дариға Назарбаева 13 ақпанда жарияланған жазбаға қатысты қандай да бір пікір білдірген жоқ.
Былтыр қазанда Лондон соты Айсұлтанды полицияға шабуыл жасағаны үшін шартты жазаға кесіп, "18 ай сынақта болып, 140 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі және мәжбүрлі түрде есірткіге тәуелділіктен емделеді, бір мың фунт айыппұл (1300 доллар) мен бес мың фунт (шамамен 6500 доллар) шығынды төлеуі тиіс" деп шешім шығарған.
Іс материалдарына сай, Covent Garden аймағындағы басқа біреудің пәтердің балконына шығып алған белгісіз ер адамды көрген тұрғындардың бірі полиция шақырған. Полиция келгенде ер адам "есірткі әсерімен полицияға қарсылық көрсеткен, қол жұмсап, тістеген". ВВС сайты Айсұлтан электрошокерді сындырып тастағанын, полицияның қолын жарақаттағанын жазды.
Бұл сотқа қатысты да Назарбаев әулеті ешқандай пікір білдірмеген.
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің (дипломатиялық қызметтерде істеген. 2007 жылы қуғанға ұшырап, 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми тергеу ол суицид жасаған деген шешімге келген. Ал Әлиевтің екінші әйелі Эльнара Шоразованың адвокаттары германиялық эксперттерге сілтеп, Әлиевті өлтіріп кетті деген) екінші ұлы.
Басқа да жаңалықтар
Билік миллиондаған адамның жеке деректері тарағаны жайлы ақпаратты тексеріп жатыр

Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) миллиондаған азаматтың жеке деректері қолды болған деген ақпаратты тексеріп жатыр. Бұл жөнінде сейсенбі күні министрлік таратқан хабарламада айтылған.
"Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетті. Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кибершабуыл жасалғаны немесе деректер таралғаны жайлы фактілер тіркелген жоқ", – деп жазған министрлік хабарламасында.
16 маусым күні интернет технология, киберқауіпсіздік саласы туралы жазатын securixy_kz telegram-арнасында әлеуметтік желіде 16,3 млн жолға сиятын адамның аты-жөні, туған жылы, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, ұлты, жынысы, азаматтығы, жұмыс орны, телефон нөміріне дейін көрсетілген жеке деректер тарап кеткенін хабарлаған.
"Мекен-жай" деген бағанда стоматология, емхана, салық комитеті, университеттер мен өзге де ұйымдардың жиі кездесетініне қарағанда, бұл деректер көпшілікке ашық я жартылай ашық API-ден, желідегі жеке деректер қоры сақталған сервистерге бұзып кіріп, жаппай алынған болуы мүмкін" деп топшылаған securixy_kz telegram-арнасы.
Министрлік болса тексеру толық аяқталғанын күту керек деп отыр.
"ЦДИАӨМ жанындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталмай тұрып нақты қорытынды жасау немесе ақпарат рас деуге ерте", – деп мәлімдеді министрлік.
ЦДИАӨМ бұған дейін де деректер тарап кеткен жағдайларды еске салып, оларда көбіне қызмет көрсету саласындағы және микроқаржы ұйымдары базаларынан алынған ескі мәліметтер болғанын айтты.
"Министрлік жағдайды толық бақылауда ұстап отыр", – деді ЦДИАӨМ.
Осыдан бір апта бұрын Қазақстан ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген операция нәтижесінде елде азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған.
Қаза тапқандарды алмасу: Украинаға – 6 мыңнан аса, Ресейге – 78 мәйіт берілді

Ресей дүйсенбі, 16 маусым күні Украина қарулы күштерінің соғыс барысында қаза тапқан 1245 жауынгерінің сүйегін Украинаға берді. Бұл туралы Украинаның тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабы хабарлады.
Штабтың хабарламасында 16 маусымда Ресей мен Украина арасында 2 маусымда Стамбұлдағы кездесуде жасалған келісім аясында соғыс барысында қаза тапқандардың сүйегін қайтарудың соңғы кезеңі өткені айтылған. Украинаға жиынтығы 6057 адамның сүйегі қайтарылған. Штабтың мәліметінше, олардың жеке басын анықтау іс-шаралары жүргізілетін болады.
Стамбұлдағы келіссөзде Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский "Ресей Стамбұлда берген уәдесін орындады", – деп жазды. Оның айтуынша, Украинаға 6060 офицер мен сарбаздың сүйегі қайтарылған, ал Ресей қаза тапқан 78 жауынгерінің мәйітін алған. Бұған дейін Ресейге 27 мәйіт тапсырылған деген хабар айтылған еді, ал Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, 16 маусымда тағы 51 мәйіт қайтарылған.
Стамбулдағы келіссөздер қорытындысы бойынша Ресей біржақты түрде Украинаға қаза тапқан 6 мың украин сарбазының сүйегін беретінін, сондай-ақ Украинадан ресейлік әскери қызметкерлердің мәйітін қабылдауға дайын екенін мәлімдеген. Алайда олардың нақты саны айтылған жоқ.
Өткен аптада Ресей өкілдері Украина қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін қайтару рәсімін әдейі созып отыр деп мәлімдеді. Ал Киев алдында жасалған келісім бойынша, мәйіттерді тапсыру 10 маусым, сейсенбі күні басталуға тиіс деп айтқан еді. Іс жүзінде солай болды да.
Ресей қорғаныс министрлігі келісімдер орындалғанын айтып, Украинаға қаза тапқан тағы 2239 сарбазының сүйегін тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған қоса, өткен аптада Ресей мен Украина кезекті рет әскери тұтқын алмасты. Жалпы алғанда, осы кезге дейін екі тарап арасында мұндай төрт алмасу болды. Тұтқын алмасу "бірге-бір" (1:1) форматы бойынша жүргізіліп жатыр, алайда нақты саны әзірге жарияланған жоқ. Тұтқын алмасу кемінде аптаның аяғына дейін жалғасады деп айтылды.
Нетаньяху Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтіру мүмкіндігін жоққа шығармады

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ABC News телеарнасына берген сұхбатында Иранның жоғарғы рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің көзін жоюға әрекет жасалуы мүмкін деген сценарийді жоққа шығармайтынын мәлімдеді . Оның пікірінше, мұндай әрекет "қақтығысты өршітпейді, керісінше, оны тоқтатады".
Нетаньяху бұл сөзін Батыс басылымдарында жарияланған, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтіру туралы Израильдің жоспарын қабылдамаған деген ақпаратқа байланысты пікір білдіргенде айтты. Басылымдар Трамп ондай жоспар қақтығысты ушықтыруы мүмкін деп қауіптенеді деп жазған еді.
"Иран "мәңгілік соғыс" болғанын қалайды және бізді ядролық соғыстың табалдырығына алып келіп отыр. Іс жүзінде Израиль осы агрессияны тоқтатуға тырысып жатыр және біз мұны тек зұлымдық күштеріне қарсы тұрып қана жасай аламыз", – деді Нетаньяху.
Израильдің расымен де Хаменейге шабуыл жасамақ ниеті бар ма деген сұраққа Нетаньяху "Израиль өзіне қажет нәрсені жасап жатыр" деп жауап берді. Ол Израиль Иранның жетекші ядролық ғалымдарын да нысанаға алғанын айтқан.
Бұған қоса Нетаньяху Иранның ядролық бағдарламасын жоюды көздеген Израильдің әрекеттеріне қолдау көрсету – АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген.
"Бүгін бұл – Тель-Авив. Ал ертең – Нью-Йорк. Тыңдаңызшы, мен "Америка мүддесі – бәрінен жоғары" дегенді түсінемін. Бірақ "Америка өлді" дегенді түсінбеймін. Ал бұл адамдар дәл солай болғанын қалайды. Олар "Америкаға өлім келсін!' деп ұрандатады", – деді Израиль үкіметінің басшысы.
Бұған қоса ол The Wall Street Journal газетінің "Иран соғыс іс-қимылдарын тоқтатып, ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөзді қайта жандандыруға мүдделі екені жайлы араағайындар арқылы белгі беріп отыр" деген хабарын жоққа шығарды.
"Олар осы жалған келіссөздерді жалғастырғысы келеді, сол келіссөздер барысында өтірік сөйлеп, айла-шарғы жасап, АҚШ-ты алдайды. Олар ядролық қару жасауын әрі қарай жалғастырып, қазір біздің халқымызға атып жатқан баллистикалық зымыран қорын кеңейтуді көздейді", – деп мәлімдеді Нетаньяху.
Еуроодақ Қырым аннексиясына байланысты Ресейге салынған санкция мерзімін тағы бір жылға ұзартты

Еуропа одағының кеңесі Ресейге Қырымды аннексиялағаны үшін енгізілген санкциялардың мерзімін тағы бір жылға ұзартты.
Ең алғаш рет 2014 жылдың маусымында енгізілген бұл шектеулер: аннексияланған Қырымда өндірілген өнімдерді Еуропа одағына шығаруға тыйым салады; Қырым аумағында инфрақұрылымдық немесе қаржылай инвестицияларға және туризм саласындағы қызметтерге тыйым салады.
Бұған қоса, белгілі бір тауарлар мен технологияларды Қырым компанияларына немесе Қырымда пайдалану үшін экспорттауға шектеу салынды. Бұл шектеулер, әсіресе, көлік және энергетика салаларына, сондай-ақ мұнай, газ және пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жұмыстарына қатысты енгізілді.
"Еуроодақ Ресей федерациясы Қырым мен Севастопольді заңсыз аннексиялап алғанын халықаралық құқықты бұзу деп қатаң айыптауды жалғастырады", – делінген баспасөз хабарламасында.
- Ресей Қырымда 2014 жылы көктемде өткізілген "референдум" нәтижесі алға тартып, түбекті өз құрамына қосып алды. Ол "референдумды" ұйымдастыру және өткізу Украина заңдарына қайшы болды және оның алдында Қырым түбегін Ресей әскері бақылауына алған болатын. Батыс елдері Ресейдің бұл әрекетін халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу деп есептейді. Ал Мәскеу болса Қырымды құрамына қосып алуды "тарихи әділеттілікті қалпына келтіру" деп атайды.
Иран-Израиль қақтығысы: қаза тапқандар мен жараланғандар көбейіп жатыр

16 маусымға қараған түні Иран Израильге қарай тағы да зымырандар атып, салдарынан Израильдің орталық бөлігінде кемінде 8 адам қаза тауып, шамамен 300 адам жараланды деп жазды The Times of Israel басылымы.
Петах-Тиква қаласында зымыран тұрғын үйге түсіп, төрт адам қаза тапқан. Тағы үш адам Хайфада, және бір адам Иерусалимнің маңында мерт болған.
Жексенбінің кешінде Иран шамамен 30 зымыран атқан. Олар Израильдің бірнеше аймағына жеткен.
"Тель-Авив округіндегі екі елді мекенге снарядтар түскені жайлы ақпарат жетті. Қазіргі уақытта жараланғандар туралы мәлімет жоқ, бірақ мүлікке зақым келгені расталған", – деп хабарлады Израиль полициясы.
Петах-Тиква қаласының билігі тұрғын үйге зымыран тигенін хабарлады. Ynet порталының мәліметінше, қаладағы көпқабатты ғимараттардың бірінде өрт шыққан. Гуш-Дан ауданында (бұл аймаққа Тель-Авив те кіреді) екі көпқабатты үй бүлінген. The Times of Israel басылымы Хайфаның жағалаудағы аудандарына зымыран түскенін жазды. Алайда Израильдің ресми органдары Хайфадағы қирап-бүлінген мүліктер жайлы әзірге ешқандай ақпарат таратқан жоқ.
Тегеран жаңа зымыран шабуылы кезінде Израильдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысын бұзып, оларды өз нысандарын нысанаға алуға мәжбүр еткен инновациялық әдістер қолданғанын мәлімдеді. Мұның алдында, 13 маусымда Иран өзінің ядролық және әскери инфрақұрылымдарына Израильдің жасаған шабуылына қарымта ретінде алғашқы зымыран шабуылын бастаған. Ол кезде Тегеран Израильді көздеп, шамамен 100 зымыран ұшырған еді.
Алдыңғы шабуылдарда негізінен Израильдің солтүстік аймақтары және Тель-Авив өңірі нысанаға алынды. Тель-Авивтің оңтүстігіндегі Бат-Ям қаласында бірнеше көпқабатты тұрғын үйге зымыран дөп түсіп, қиратып кетті.
Израиль денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранмен қақтығыс ушыққалы бері 15 адам қаза тауып, шамамен 400-ге жуық адам жараланған. Одан бөлек, 700-ге жуық адам үй-күйсіз қалған. Олар қонақүйлер мен уақытша баспаналарға орналастырған.
15 маусым күні Израиль Иранның әскери және стратегиялық нысандарына шабуылды жалғастырды. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, зымырандардың бірі Тегерандағы Иран сыртқы істер министрлігінің ғимаратына тиген.
Иранның денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қақтығыс басталғалы бері елде 224 адам қаза тауып, мыңнан астам адам ауруханаға түскен. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымы Иранда қаза тапқандар саны 400 адамнан да асып кетуі мүмкін деп хабарлады.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанаға сапармен келді

Дүйсенбі, 16 маусым күні Қытай президенті Си Цзиньпин Астанаға сапармен келді. Ол мінген ұшақты Қазақстан шекарасынан Астанаға дейін Қазақстан әуе қорғаныс күштері ұшақтары алып жүрді деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алды. Мәртебелі қонаққа құрметті қарауыл сап түзеп, Қазақстан мен Қытай туларын бейнелейтін жалауша ұстаған балалар қошемет көрсеткен.
Қытай басшысы Астанаға Қазақстан президентінің шақыруы бойынша келіп отыр. Екеуі Астанада екіжақты кездесу өткізіп, қазақ-қытай жанжақты стратегиялық әріптестігін одан ары тереңдету мәселелерін талқылайды деп хабарлаған Ақорданың баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Тоқаев пен Си Цзиньпин 17 маусымда Астанада Орталық Азия елдері басшыларымен бірге "Орталық Азия – Қытай" екінші саммитіне қатысады. Аймақтық алғашқы саммит осыдан екі жыл бұрын Қытайдың Сиань қаласында өткен.
Ираннан Түркіменстанға өткен 120 адамның арасында Қазақстан азаматтары да бар

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты ресми Ашғабат Иранда жүрген шетелдік дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ басқа да шетел азаматтарына ол елден Түркіменстан аумағы арқылы шығып кетуге рұқсат берді. Мұны Түрікменстан сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Оның 16 маусымдағы деректеріне сәйкес, Түрікменстан мемлекеттік шекарасын бақылау-өткізу пункттері арқылы шамамен 120 адам Ираннан Түркіменстан жеріне өткен. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдердің азаматтары бар.
14 маусымда Қазақстанның 6 азаматы Ираннан Әзербайжанға эвакуацияланды деп жазды әзербайжандық Report басылымы. Олар Әзербайжан аумағаны "Астара" шекара бекеті арқылы өткен.
Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Ираннан Әзербайжан шекарасы арқылы 28 қырғыз азаматы эвакуацияланды, жақын күндері Қырғызстанға оралады деп хабарлаған.
Израиль 13 маусымға қараған түні Иранның ядролық, әскери және энергетика нысандарын нысанаға алып, әуе шабуылдарын бастаған. Иран оған қарымта ретінде Израильге зымырандар мен дрондар ұшырды.
Иранның денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі дерегі бойынша, қақтығыс басталғалы бері елде 224 адам (арасында жоғары шенді әскери қызметкерлер де бар) қаза тапқан, мыңнан астам адам ауруханаға түскен. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымы Иранда қаза тапқандар саны 400 адамнан да асып кетуі мүмкін деп хабарлады.
Израиль денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранмен қақтығыс ушыққалы бері 15 адам қаза тауып, шамамен 400-ге жуық адам жараланған. Одан бөлек, 700-ге жуық адам үй-күйсіз қалған. Оларды қонақүйлер мен уақытша баспаналарға орналастырған.
Блейз Метревели – британ сыртқы барлауын басқаратын алғашқы әйел

Ұлыбританияның сыртқы барлау қызметінің басшылығына 47 жастағы Блейз Метревели тағайындалғанын жексенбі күні үкіметтің баспасөз қызметі жария етті деп хабарлады BBC News.
Блейз Метревели – бүкіл әлемге MI6 атауымен танылған британ сыртқы барлауын басқаратын алғашқы әйел болмақ. Ол кейінгі бес жыл MI6 басшылығында отырған Ричард Мур биыл күзде қызметтен кеткен соң соның орнына барады.
Метревелиді тағайындауға байланысты сөзінде премьер-министр Кир Стармер қазіргі кезде барлау қызметі аса маңызды болып отырғанын айтқан, ал Ричард Мур MI6 басшылығына келетін адамға жоғары баға берген.
"Блейз – барлау саласының кәсіби деңгейі жоғары қызметкері әрі жетекшісі, ол – технология саласындағы біздің озық ойлы адамдарымыздың бірі", – деген Мур.
Үкіметтің баспасөз қызметі Метревелидің британ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Ұлыбританияның мүддесін қорғау ісінде MI6 қарсы барлаумен (MI5) және кибербарлаумен (GCHQ) бірге аса маңызды рөл атқарады деген сөзін келтірген.
"Мен бұл жұмысты MI6-дің ержүрек қызметкерлерімен және агенттерімен, оған қоса шетелдік әріптестерімізбен тізе қосып жалғастыратыныма қуаныштымын", – деген Метревели.
Блейз Метревели барлау қызметіне 1999 жылы, Кембридж студенті болып жүргенде қабылданған.
Қазір ол MI6-тің технология және инновация бөлімінің жетекшісі қызметін атқарады. Яғни көпшілікке Q әрпімен белгілі барлау басшылығының құрамына кіреді. Ал оған дейін Метревели британ қарсы барлауында (MI5) түрлі жетекші қызметтер атқарған.
Блейз Метревели барлау саласындағы қызметінің ауқымды бөлігін Таяу Шығыс пен Еуропада өткізген, деп жазады BBC.
MI6 – шетелде ақпарат жинаумен, бөтен мемлекеттердің теріс пиғылды әрекеттеріне қарсы тұрумен және терроризммен күресумен айналысатын барлау қызметі.
Иран Израильге тағы да зымыран атты, жараланғандар бар

15 маусым күні кешке Иранның Израильге жасаған жаңа шабуылы салдарынан жеті адам жарақат алды. Израильдің солтүстігіндегі Хайфа қаласы және елдің Оңтүстік округінде орналасқан Кирьят-Гат қаласы шабуылға ұшыраған.
Жексенбінің кешінде Иран Израильді нысаған алып, шамамен 30 зымыран ұшырған деген хабар тарады.
Израильдің Бен-Гурион халықаралық әуежайына шабуыл жасалғаны жайлы ақпарат шықты, бірақ бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
13 маусымда Иранның ядролық және әскери инфрақұрылымдарына Израиль жасаған шабуылдарға қарымта ретінде Тегеран шамамен 100 зымыран ұшырған еді.
Алдыңғы шабуылдар кезінде негізінен Израильдің солтүстік өңірлері мен Тель-Авив ауданы нысанаға алынған.
Тель-Авивтің оңтүстігіндегі Бат-Ям қаласында бірнеше көпқабатты тұрғын үй зымыран түсіп, қирап қалған. Израильдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранмен қақтығыс ушыққалы бері 15 адам қаза тауып, шамамен 400 азамат жараланған.
Израильдің 700-ге жуық тұрғыны баспанасыз қалды. Олар қонақүйлер мен уақытша баспаналарға орналастырылған.
Жексенбі күні Израиль Иранға шабуылын жалғастырып, бұл жолы да Иранның әскери және стратегиялық нысандарын қайта нысанаға алды. Иран басылымдарының мәліметінде Тегерандағы Иран сыртқы істер министрлігінің ғимараты да шабуылға ұшырағаны айтылған.
Иран ақпарат құралдарының расталмаған деректеріне қарағанда, елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи отбасымен бірге бункерде жасырынып отыр. Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ Израильдің Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтірмек болған жоспарын қабылдамаған деп хабарлаған еді. Алайда Израиль ол ақпаратты жоққа шығарды.
Иранның денсаулық сақтау министрлігі қақтығыс басталғалы бері елде 224 адам қаза тауып, мыңнан астам адам ауруханаға түскенін хабарлады. Министрліктің дерегінше, зардап шеккендердің 90 % — бейбіт тұрғындар.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымы қаза тапқандар саны 400-ден көп болуы мүмкін деп хабарлады.
Air India ұшағы апатынан қаза тапқандар саны 274 адамға жетті

Air India әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар саны 274 адамға жеткен. Мұндай деректі үндістандық NDTV (New Delhi Television) медиакомпаниясы өз дереккөзіне сүйеніп хабарлады.
Ұшақта болған 242 адамның ішінен тек бір адам – 40 жастағы Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш ғана аман қалған. Ұшақ құлаған Ахмадабаттағы медицина колледжі ғимаратында болған тағы 33 адам көз жұмған. Олардың арасында сол ғимаратта тұратын он дәрігер мен олардың отбасы мүшелері бар.
12 маусымда Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласындағы әуежайдан Лондонды бетке алып ұшқан Air India әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 242 адам: 230 жолаушы (Үндістанның 169 азаматы, Ұлыбританияның 53 азаматы, Канаданың 1 азаматы және Португалияның 7 азаматы) және 12 экипаж мүшесі болған.
Үндістанның Азаматтық авиация бас басқармасының мәлімдеуінше, ұшқыштар апатқа дейін төтенше жағдай жайлы дабыл беріп үлгерген, бірақ іле-шала байланыс үзіліп қалған. Апаттың нақты себептері әзірге белгісіз.
Үндістанның авиация жөніндегі реттеушісі Air India компаниясына GEnx қозғалтқыштарымен жабдықталған барлық Boeing 787-8 Dreamliner ұшақтарын тексеруді бұйырды деп жазды Reuters агенттігі.
Трамп Израиль мен Иранды бітімге келуге үндеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иранды бейбіт келісім жасауға шақырды
"Иран мен Израиль келісім жасауы керек, және олар келісімге келеді. Мен Үндістан мен Пәкістанды да, АҚШ-пен сауда қарым-қатынасын пайдалана отырып, ақыл-парасат, бірлік пен даналыққа мойынсұнып, дәл осылай келісімге келуге мәжбүр еттім, екі елдің көрнекті көшбасшылары тез шешім қабылдап, қақтығысты тоқтата алды", — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамп алғашқы президенттік мерзімінде Сербия мен Косово арасындағы жанжалды тоқтатуға, сондай-ақ Египет пен Эфиопия арасындағы бейбіт келісімге ықпал еткенін де еске салды.
"Дәл сол сияқты, біз жақын арада Израиль мен Иран арасында да бейбітшілікке қол жеткіземіз", — деп жазды Трамп.
Бұған дейін ABC News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Вашингтон Израиль мен Иран арасындағы жанжалды реттеуге қатысуы мүмкін деп мәлімдеген. Ал дәл қазір АҚШ бұл қақтығысқа араласып отырған жоқ деп нақтылады ол.
Бұған қоса Трамп Иран мен Израиль арасындағы жанжалды бейбіт жолмен реттеуге Ресей президенті Владимир Путин араағайын болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайтынын айтты. "Ол дайын отыр. Бұл жөнінде маған телефон шалды. Екеуіміз бұл мәселені ұзақ талқыладық", — деді Трамп.
Ал Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран ядролық қарудан бас тартуды кепілдендіретін келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді деп хабарлады.
"Біз Иранда ядролық қару болмауын қамтамасыз ететін кез келген келісімге дайынбыз, өйткені біздің негізгі қағидаларымызға сәйкес, ядролық қаруға тыйым салынған. Бірақ егер келісімнің мақсаты Иранды ядролық құқықтарынан айыру болса, біз оған келіпейміз", — деген Арагчи 15 маусымда шетелдік елшілермен кездескенде.
Бұған дейін Иран АҚШ-пен ядролық келісім жөніндегі келіссөздің алтыншы кезеңіне қатысудан бас тартқан еді. Ол кездесу Оманның араағайындығымен 15 маусым күні өтуі тиіс болған. Арагчидің айтуынша, АҚШ Иранға қолайсыз ұсыныстар жасаған, ал Тегеран өз кезегінде келісімге әкелуі мүмкін балама жоспар ұсынбақшы болған.
Израиль 13 маусымға қараған түні Иранның ядролық, әскери және энергетика нысандарын нысанаға алып, әуе шабуылдарын бастаған. Иран оған қарымта ретінде Израильге зымырандар мен дрондар ұшырды. Кейінгі мәліметтер бойынша, Израиль шабуылдары салдарынан Иранда шамамен 140 адам, соның ішінде жоғары лауазымды әскери қызметкерлер қаза тапқан. Ал Израильдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде Иран шабуылдарынан кемінде 15 адам көз жұмған.
Павлодарлық белсенді Жанат Жамалиев бес күнге қамалды

Павлодарлық белсенді Жанат Жамалиев бес күнге қамалды. Адвокат Мейіржан Досқараевтың сөзінше, 19 мамырда Жанат Жамалиев әкімдікке саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруін өткізу жөнінде өтініш берген. Ол шеруді 31 мамырда өткізгісі келетінін айтқан.
Әкімдікен шыққан соң ол Facebook-қа видеомен шығып, әкімдікке өтініш бергенін баяндаған. 26 мамырда әкімдік рұқсат бермеген. Ал 13 маусымда полиция өкілдері сол видео негізінде хаттама толтырған.
14 маусымда Екібастұз қалалық соты “бейбіт жиын өткізу” бабы бойынша оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке қамады.
Сот шешіміне қарағанда, Жанат Жамалиев 19 мамырда Facebook парақшасында видео жариялап, "31 мамырда "саяси қуғын-сүргін және ашаршылық" құрбандарын еске алу күніне орай рұқсат етілмеген митингіге шақырған". Осылайша бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған.
Сот кезінде белсенді айыппен келіскен жоқ. Ол видеода әкімдікке өтініш бергенін ғана хабарлағанын, ешкімді митингіге шақырғанын айтпағанын жеткізді. Адвокаты шешімді апелляцияға беретінін айтып отыр.
Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.
Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.
Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбады. Осы күн қарсаңында кей өңірлерде белсенділер ұсталған. Адам құқығын қорғау бюросының мәліметінше, оннан астам белсенді қамалған.
2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.
Иран сыртқы істер министрі АҚШ-ты Израиль шабуылын айыптауға шақырды

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жексенбі күні егер Израиль соққыны тоқтатса, сәйкесінше Тегеран Израильге де соққыны тоқтататынын мәлімдеді.
Аракчидің сөзінше, Иран қақтығыс өзге аймақтарға жайылғанын қаламайды және “өзін қорғау мақсатында” ғана қимылдайды.
Ол Вашингтонды Израильге соққы жасауға көмектесті деп те айыптады. Оның сөзінше, соққының мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөзді үзу болған. Оманның араағайындық етуімен өтіп жатқан Иран-АҚШ келіссөзі жексенбі күні жалғасуы керек болған, бірақ Иран одан бас тартты.
Иран сыртқы істер министрі АҚШ-ты Израильдің әрекетін айыптауға шақырып, Тегеран Иранның ядролық қаруға ұмтылмайтындығы жөнінде келісімге дайын екенін білдірді. Бірақ Аракчидің сөзінше, бұл келісім Иранды "ядролық құқықтан" айырмауы керек.
Президент Дональд Трамп бұған дейін АҚШ-тың Израиль шабуылына қатысы жоғын айтқан, бірақ Тегеранды ядролық келісімге тезірек қол қоюға шақырған. АҚШ келіссөз барысында Иран уранды байытуды тоқтатуы керек деп айтқан.
Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль жексенбі күні Германия, Франция мен Ұлыбритания жағдайдың онан сайын ушығуына жол бермес үшін дереу Иранмен ядролық бағдарлама бойынша келіссөзді бастауға дайын екенін айтқан. Ол сонымен бірге соғыстың аяқталуы екі жаққа байланысты екенін жеткізген.
Иранның жақын арада ядролық қару жасайтыны туралы мәлімдеген Израиль 13 маусымда Ирандағы нысандарға соққы жасаған, арасында ядролық нысандар да бар. Иран әскерінің бірнеше жоғары лауазымды тұлғалары опат болды. Ядролық қаруға қатысы бар делінген бірнеше физик ғалым да өлтірілді. Иран бұған қарымта жауап қайтарған. Жұмадан бері екі жақ бір-біріне соққы жасап жатыр. Екі жақтан да қаза болғандар мен жараланғандар бар.
Ресей мен Украина тұтқын алмасты

Ресей мен Украина тұтқын алмасты. Бұл жөнінде Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады.
Зеленскийдің сөзінше, бір апта ішінде осымен төртінші рет алмасу болып отыр. Украина жағына оралған әскери қызметкерлер арасында жауынгерлер, ұлттық гвардия қызметкерлері, шекара және көлік қызметінің өкілдері бар. Көбі 2022 жылдан бері Ресейде тұтқында болған.
Әскери тұтқындар жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, оралғандардың айтарлықтай бөлігі Мариупольды қорғаған кезде тұтқынға түскен. Босатылғандардың басым бөлігі – офицерлер, бір бөлігі – 25 жастан кіші.
Адам құқығы жөніндегі омбудсмен Дмитрий Лубинецтің айтуынша, босатылғандар арасында із-түзсіз жоғалғандар да бар.
"Оралғандардың ең үлкені – 63 жаста, ең кішісі 21-де" деді ол.
Ресей мен Украинаға оралғандар саны айтылмайды. Ресей әскері қазір Беларусьте медициналық тексерулерден өтіп жатыр.
Бұған дейін Ресей Украинаға 1200 жауынгердің мәйітін тапсырған.
Екі жақ "санитарлық алмасуды" бастағаны да белгілі болды, оның аясында тараптар бір-біріне жараланғандарды қайтарады.
АҚШ-та Трамптың туған күні – наразылық пен әскери парад өтті

АҚШ-тың ондаған қаласында 14 маусымда "Патшаларға жол жоқ" атты ұранмен президент Дональд Трамптың саясатына қарсы наразылық акциялары өтті. Ұйымдастырушылар акцияны елдің мыңнан астам қаласында өткізетінін және оған миллионнан астам адам қатысуы мүмкін екенін айтқан.
Акциялардың ірілері Нью-Йорк, Филадельфия, Хьюстон, Атланта, Филадельфияда өтті. Наразылық акциясы Лос-Анжелесте де өтті. Бұл жақта бұған дейін мигранттарға қарсы шараларға байланысты наразылық тұтанып, әскер кіргізілген еді. Штат губернаторы демократ Гэвин Ньюсом президенттің шешіміне қарсы шыққан.
Митингті ұйымдастырушылар "авторитаризм, миллиардерлердің мүддесін қорғайтын саясат пен демократияны милитаризациялауға" қарсы шықты. Трамп саясатына қарсылар жаппай депортация және Ақ үйдің өзге қадамдары Америка қоғамында жеккөрушілік тудыратынын айтты.
Миннесота штатында сенбі күні таңертең екі демократ-саясаткерге қарулы шабуыл жасалғаннан кейін ұйымдастырушылар "Патшаларға жол жоқ!" акциясын шегерді. Штаттан өкілдер палатасына сайланған Мелисса Хортмэн қаза болды. Шабуылды Трамп пен қарсыластары айыптады.
Наразылық 14 маусымда Трамптың туған күніне орайластырып ұйымдастырылды. Бұл күні АҚШ президенті 79 жасқа толды. Сенбі күні елде әскери парад та өтті.
Трамп өзінің бірінші президентігі тұсында парад өткізгісі келген кезде орасан шығын болуы мүмкін деген себеппен ұсыныс қолдау таппаған. Бұған қоса, Америка халқы көбіне диктаторлық немесе авторитар режимге тән осындай шерулерге үйренбеген деп жазды Bloomberg. Ал айналасына өзіне адал адамдарды жинаған Трамптың бұл жолғы парад өткізу ұсынысын ешкім дауламаған. Оған шамамен $25-40 млн доллар жұмсалуы мүмкін деп айтылған. Ресми түрде парад Америка әскерінің 250-жылдығына арналған деп түсіндірілді. Трамп саясатына қарсы наразылықты ұйымдастырушылар парад өткізуді сынап, оны президенттің қалауына қарай ақша шашу деп сынады.
ПІКІРЛЕР