Солтүстік Корея Курск облысын қалпына келтіруге 6 мың әскери қызметкерін жібереді

Сергей Шойгу мен Ким Чен Ын

Солтүстік Корея билігі Ресейдің Курск облысын қалпына келтіруге бірнеше мың әскери қызметкерін жібереді. Пхеньянда Ким Чен Ынмен келіссөз кезінде Ресей аумағын минадан тазартуға 1000 сапер және «қираған инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін» 5 мың әскери құрылысшы жіберу туралы келісімге қол жеткізілді, деп хабарлады сейсенбі күні Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу.

Осы апада Шойгу Солтүстік Кореяға тағы барған. Шойгу кейінгі үш айда Солтүстік Кореяға осымен үшінші рет сапармен барып отыр. Сапар екі ел арасындағы жан-жақты серіктестік туралы келісімге қол қойылған күннің бір жылдығына орайластырылғанын "Рёнхап" агенттігі жазған. Агенттік Ким Чен Ынның Ресейге жасайтын сапарына дайындық жүріп жатуы мүмкін екенін жазды, бірақ ол сапар ресми түрде жарияланған жоқ.

Курск облысының губернаторы Александр Хинштейн маусым басында аймақта шамамен 5 мың гектар жер миналанғанын айтқан. Бұл – облыс жерінің алтыдан бір бөлігі. Оның сөзінше, 8% минадан тазартылған.

Сейсенбі күні "Ресей поштасы" Солтүстік Кореяға сәлемдеме-хаттарды жіберуді қалпына келтірілгені хабарланды. Бұған қоса, 17 маусымнан бастап Мәскеу мен Пхеньян арасында темір жол қатынасы қалпына келтірілген.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Мәскеу мен Пхеньян арасындағы ынтымақтастық күшейді. Пхеньян Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап отыр. Солтүстік Корея Ресейге артиллерия снарядтарын, зымырандар, минометтер мен артиллерия жүйелерін берген. Ресей бұл қару-жарақтарды Украинаға қарсы соғыста пайдаланады. Сонымен қатар, Солтүстік Кореяның бірнеше мың сарбазы Ресей жағында соғыс қимылдарына қатысқаны белгілі.