Киевте Ресей шабуылынан кемінде 14 адам қаза тауып, тұрғын үй подъезі құлаған

Ресей Киевке қарсы жасаған шабуылдан қираған көпқабатты тұрғын үй

Сейсенбі, 17 маусымға қараған түні Киев қаласына Ресейдің жасаған әуе шабуылдары салдарынан кемінде 14 адам қаза тауып, 114 адам жараланды.

Соломен ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлерінің бірінде бүтін бір подъезд түгел опырылып құлады. Қазіргі ол жерде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр, үйінді астында адамдар қалып қойған болуы мүмкін.

Украина астанасының кемінде 12 ауданында түрлі нысандар бүлініп, бірнеше жерде өрт шыққан. Ең ірі өрт Дарница ауданында болды, оны сөндіруге тікұшақ қолданылды.

18 маусым Киевте аза тұту күні деп жарияланды.

Сейсенбіде Ресей күштері Одесса қаласына да дронмен шабуыл жасады, соның салдарынан қаланың орталық бөлігін қоса алғанда бірнеше үй зақымданды. Екі адам қаза тауып, тағы бір адам хабар-ошарсыз кетті, құтқарушылар оны үйінді астынан іздестіріп жатыр.

Осы күні Ресей күштері Киев, Чернигов және Сумы облыстарын да атқылаған.

Ресей жағы бұл шабуылдар жөнінде әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.