Иран мен Израиль тағы бір-бірін соққылады. Иран-АҚШ келіссөзі өтпейтін болды

Иерусалим 14 маусым, 2025 жыл.

Сенбі күні кешке және 15 маусымға қараған түні Израиль мен Иран бір-бірін тағы соққылады. Екі жақтан да қаза болғандар мен зардап шеккендер бар. Иран жексенбі күні Оманда өтуі керек болғанмен АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша келіссөзден бас тартты.

Сенбі күні кешке Израиль әскері Иранға тағы соққы жасады. Жергілікті БАҚ елдің кемінде жеті аймағында әуе қорғаныс жүйесі іске қосылғанын хабарлады.

Израиль әскері Иранның батысындағы баллистикалық және қанатты ракеталар мен қондырғылар қоймасына соққы жасағанын мәлімдеді.

Иран ақпарат құралдары мен Израильдегі батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Израиль әскері Иран газ өнеркәсібінің кемінде екі нысанын атқылаған, арасында "Оңтүстік Парсы" да бар. Бұл әлемдегі ең ірі кеніш саналады. Ирандық Tasnim агенттігінің жазуынша, онда газ өндірісі ішінара тоқтатылған. Бендер-Аббас ауданындағы газ инфрақұрылымына да соққы жасалғаны хабарланды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сенбі күні Исфахан қаласындағы ядролық нысанда "маңызды төрт ғимарат" бүлінгенін хабарлады.

Израиль әскерінің өкілі Эффи Дефрин сенбі күнгі брифинг кезінде операция басталғалы бері Иранның түрлі аймағында, арасында Тегеран да бар, 150-ден астам нысанға шабуыл жасалғанын айтты.

Кейін Израиль әскері Иранның қару-жарақ жобасымен байланысты Тегерандағы бірқатар нысаналарға жаппай соққы жасауын аяқтағанын мәлімдеді.

Сенбі күні Иран мемлекеттік телеарнасы да жақын арада Иран Израильге "жойқын соққы" жасайтынын айтты. 15 маусымға қараған түні ЦАХАЛ Иранның ракета жібергенін хабарлап, Израиль тұрғындарын бомбапаналарға жасырынуға үндеді.

Түнде Иран Израильге ракеталардың екі толқынын жіберген. Бірқатар аймақтарда үйлер қирап, бірнеше адам қаза болған.

BBC-дің жазуынша, Иранның жаңа соққысынан Бат-Ям қаласында кемінде үш адам қаза болған, жүз шақты адам жараланған. Израильдің солтүстігіндегі Тамра қаласы да Иран соққысынан зардап шеккен, онда кемінде 5 адам қаза болған.

Сенбі күні Иран жексенбі күні Оманда өтуі керек болған АҚШ-пен келіссөзден бас тартқаны белгілі болды.

Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон әңгіме кезінде Иран президенті Масуд Пезешкиан Израиль соққыны доғарған кезде ғана келіссөзді жалғастыратынын айтты. Келіссөзді жалғастыру қажеттігін АҚШ президенті Дональд Трамп та Израильдің әрекетін айыптаған Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен сөйлескен кезде айтқан. Трамптың сөзінше, ол Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен кезде екі басшының Израиль мен Иран соғысы аяқталуы керек деген пікірлері бір жерден шыққан.

13 маусымға қараған түні Израиль "Тегеран жақын арада ядролық қару жасайын деп отыр" деп мәлімдеп, Иранға соққы жасаған еді. Соққы баллистикалық ракета қондырғылары, әскери базалар мен стратегиялық нысандарға жасалған. Бұған қоса, ядролық бағдарламаға қатысы бар деп айтылатын қолбасшылар мен ғалымдар өлтірілген. Иран Израильді басқыншылық жасады деп айыптады. Содан бері екі жақ бір-бірін соққылап жатыр.