Айдос Садықовтың қазасына бір жыл: күдіктілер бостандықта, билік үнсіз

Айдос Садықов

Оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына бір жыл болды.

Журналистің қазасынан бері бір жыл өтсе де, күдіктілер ұсталмаған, Қазақстан билігі Садықовтың өліміне қатысты іс бойынша сұрақтарға біртекті жауап берумен келеді. Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.

18 маусымда "Бәсе" арнасы Садықовтың қазасына қатысы болуы мүмкін тағы бір "адамның аты-жөнін жариялап, ол журналистің отбасын Прагада аңдығанын" хабарлады. Арна жариялаған видеода оның суреті мен аты-жөні толық көрсетілген.

Қазақстанның құзырлы органдары әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Былтыр 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.

Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.

Биыл көктемде марқұм Айдос Садықовтың жесірі Наталья Садықова "Республика" басылымына Украинаның құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйене отырып, Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жібергенін айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары "аталған тұлғалардың қастандыққа қатысын дәлел болмағандықтан қазақстандық прокурорлар тергеу амалдарын жүргізуден бас тартқан".

Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.

"Нақты жағдайда [Қазақстан] прокуратурасы Жақанбаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр деді. Мұндай қолхат айталық, әдетте велосипед ұрлаған адамға қатысты немесе дүкенде шұжық ұрлаған адамға қолданылады. Барлық дәлел болып отырған кезде, халықаралық сұрауға сұрақтардың тізімін тіркеп жіберген кезде...Украина прокуратурасы [Қазақстан жағына] бірқатар дәлелді берген. Бұл аздай, бұл резонанс тудырған іс. Айдос босқындар құқығы қорғау туралы конвенциямен қорғалған адам болған. Ол халықаралық деңгейде бекітілген. Бұл ЕҚЫҰ-дан басталып БҰҰ-мен аяқталған халықаралық институциялар бақылап, зерттеп отырған іс. Бұдайша сұрауды елемей, орындамау, тұтас жүйені бұзу. Қазақстан сұрауды орындамаса, Украина да Қазақстанның сұрауларын орындауға міндетті емес болады..." деді адвокат сұхбатта.

Бұған дейін Қазақстан билігі қастандықты орындады деп күдікке ілінгендерді Украинаға беруден бас тартқаны хабарланған еді. Астана күдікті Қазақстан азаматы екенін алға тартқан.

Журналист, белсенді Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.

Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.